Сәкен Майғазиев: Қазақ халқының өткенін де, болашағын да, осы шағын да «Абай жолынан» көрем

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS туған күні аясындағы «Шексіз үміттер мектебі» апталығы аясында 20-ға жуық онлайн іс-шаралар легі ұйымдастырылды: түрлі байқаулар, вебинарлар, шеберлік сыныптар, кездесулер. Соның ішінде NIS мектептерінің дәстүрлі жобалары мерекелік форматта айрықша аталды.
«Даналық бейсенбі» аясындағы кездесу Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, «Муз-АРТ» тобының әншісі Сәкен Майғазиевпен өтті. Кездесуді жатақхана меңгерушісі Камила Жунусова жетекшілігіндегі ұжым Дариға Исаева мен Меруерт Нұрмаханбетовалар ұйымдастырды.
Қонағымыз өзінің отбасыдағы әкенің рөлі, балалық шағы, пір тұтатын тұлғалары сынды сан түрлі ойымен бөлісіп, ән қоржынындағы кей әндердің тарихына тоқталды.
Ұнатқан, не терең ой қалдырған кітапты қалың көпшілікке таныстыру мақсатындағы NIS-тің атаулы жобаларының бірі – «RЕADx». Сол себепті танымал әншіден өзінің сүйікті кітаптары жөніндегі сұрақтың қойылуы заңды:
− Қазақ халқының өткенін де, болашағын да, осы шағын да мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолынан» көрем. «Абай жолы» қазақ халқына емес, әлем халықтарына арналып жазылғандай көрінеді, − деп бөлісті Сәкен Майғазиев.
Әнші суреткерлігін, бейнелеу тілін ұнататұғын жазушыларды да атап өтті: Мұхтар Мағауин, Бексұлтан Нұржекеев, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек.