Үздік жас математиктер Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды!

 

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Мухтаров Шерзод пен Рыспаев Алмас IYMC 2020 Математикадан халықаралық сайыстың жүлдегерлері атанды.

Әлемнің 93 елінің жоғарғы сынып оқушылары мен студенттері бақ сынаған додада ел намысын қорғаған оқушыларымыз сайыстың 3 кезеңінде де жоғары нәтижелер көрсетті.

Нәтижесінде екі оқушы да барлық қатысушылар ішінен ең үздік нәтиже көрсеткендердің қатарынан табылғаны үшін «Gold Honour» жүлдесімен марапатталды.

Сондай-ақ, Мухтаров Шерзод Қазақстан атынан қатысқан барлық жастардың арасында ең жоғарғы нәтиже көрсетіп, арнайы «National award» марапатына ие болды.

International Youth Math Challenge (IYMC) – бұл жастарға өздерінің математикалық дағдыларын дәлелдеуге және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін жыл сайын өткізіліп тұратын халықаралық математика сайысы.